Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері (МҚҚЖАҰ) жыл басынан бері 22,4%-ға, үшінші тоқсанда 6%-ға ұлғайып, 1,5 трлн теңгені құрады. Сонымен бірге, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша МҚҚЖАҰ активтері банк секторының жиынтық активтерінің 3,7%-ын құрайды, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттіктің берілген шолуларына сілтеме жасай отырып.
Активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына – 714,7 млрд теңге немесе 47,6%, несиелік серіктестіктерге – 579,5 млрд теңге немесе 38,6%, ломбардтарға – 206,6 млрд теңге немесе 13,8% келеді.
Шолуда «Микроқаржы секторының жиынтық активтерінде ең көп үлесті берілген микрокредиттер (құнсыздану резервтерін қоспағанда) алады – 85,7%, 1,29 трлн теңге сомасында, 2021 жылдың басынан бері өсім 23,9%-ды құрады. Бұл ретте, ломбардтар мен онлайн-несие берушілердің активтерінде құнсыздануға арналған резервтерді шегергенде несие портфелі тиісінше 68,2% және 76,5% құрайды», - деп түсіндіріледі.
МҚҚЖАҰ-ның жиынтық міндеттемелері 2021 жылдың үшінші тоқсанында 6,2%-ға, жыл басынан бері 23,6%-ға ұлғайып, 942,9 млрд теңгені құрады. Жалпы міндеттемелердің негізгі үлесін алынған несиелер құрайды – 82,6% немесе 779,1 млрд.теңге. Есепті күнге МҚҰ жалпы міндеттемелері 490,4 млрд теңгені немесе бүкіл сектордың 52%-ын құрады, ал несиелік серіктестіктер мен ломбардтардың жиынтық міндеттемелері тиісінше 365,9 млрд теңге және 86,6 млрд теңгені құрады.
Микроқаржы секторының жиынтық меншікті капиталы 557,8 млрд теңгені құрады және негізінен жарғылық капитал мен бөлінбеген пайда есебінен қалыптасты. 2021 жылдың үшінші тоқсанында МҚҚЖАҰ-ның меншікті капиталының 5,8%-ға немесе 30,4 млрд теңгеге, жыл басынан бері 20%-ға ұлғаюы байқалды.
МҚҚЖАҰ-ның жиынтық несие портфелі бір тоқсанда 95,8 млрд теңгеге немесе 7,8%-ға, жыл басынан бері 27,8%-ға ұлғайып, 1,32 трлн теңгені құрады. Елеулі өсім сектордың барлық сегменттерінде жеке тұлғаларға берілген несиелердің өсуіне байланысты болды. Сонымен қатар, жеке тұлғалар МҚҚЖАҰ-ның негізгі клиенттік базасы болып табылады. Оларға берілген несиелер көлемі 938,9 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 71,3%-ын, ал заңды тұлғаларға 378,7 млрд теңгені немесе 28,7%-ды құрады.
Мерзімі өткен және жұмыс істемейтін қарыздардың жиынтық портфельдегі үлесі 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша тиісінше 10,4% және 4,1% құрады.
Дереккөзі: https://kapital.kz/finance/100837/aktivy-mfo-dostigli-pochti-715-mlrd-tenge.html